«1000 доллармен бардым». АҚШ-та жұмыс істеген қазақ қызы шетелдегі өмірі туралы айтты
24 жастағы Арайлым Сағынова АҚШ-қа барып, 4 ай жұмыс істеп келген. Ол шетелде өмір сүрудің қиындығы мен ерекшелігі туралы Massaget.kz тілшісіне берген сұхбатында айтып берді.
«Жұмыс табу қиын болды»
Арайлым 2016 жылы Қ.Сәтбаев атындағы университетке оқуға түсіп, қос дипломды бағдарлама бойынша бітіріп шыққан.
«Бакалавр бітірген соң 2020 жылы Алматы технологиялық университетіне магистратураға оқуға түсіп, тағам қауіпсіздігі мамандығы бойынша тәмамдадым. Оқу бітірген соң шетелде жұмыс істеп көргім келді. Сосын бірден Американы таңдап, Алматыдағы виза орталықтарына барып, сұрастырдым. Барып келген адамдардың пікірін білдім. Шешім қабылдап, визаға дайындалдым. Студент кезімде академиялық ұтқырлықпен Еуропада жарты жылдай оқып келдім. Соның әсерінен болар, тіл үйрену маған қиындық келтірмеді. Визаға ғаламтор арқылы өзім дайындалдым. 160 долларға виза алып, 235 мың теңгеге билет алып, құрбым екеуміз бірден Нью-Йоркқа келдік. Бірақ жұмыс табу қиын болды», — деді ол.
Ол алғашқы уақытта бір аптадай тіркеу бөлімінде жұмыс істеген.
«3 аптадай Нью-Йоркта тұрдық та, Южная Корелина штатына кетіп қалдық. Онда біз буряттармен бірге тұрдық. Сөйтіп, бастапқы уақытта келген қонақтарды күтіп алып, шығарып салатын тіркеу бөліміне жұмысқа тұрдым. Жұмыс тек түнгі кезекте болғандықтан бір апта ғана жұмыс істедім. Себебі маған қиын болды. Сосын асханаға ауыстым. Мұнда 6 күн жұмыс істеп, бір күн демалдым. Екі ауысымда жұмыс істедім. Таңертеңгі ауысымда сервер болдым. Яғни қонақтарға чек апаратынмын. Себебі ол жақта шведский стол болғандықтан, өзіне-өзі қызмет ету қосылған еді. Сол үшін де сервердің жұмысы қиын болмады. Ал түскі ауысымда аспаз болдым. Әртүрлі тамақтар дайындадым. Жалақысы 15 доллар болды», — деді Арайлым Сағынова.