Мәдениет

Шымкентте «Абай айтқан «Еңлік-Кебек» спектаклі сахналанды

Шымкентте «Абай айтқан «Еңлік-Кебек» спектаклі сахналанды

Облыс әкімі Берік Уәли бастаған жүзден астам адамнан құралған өңір делегациясы бүгін Шымкент қаласына келді. Делегация құрамында Парламент Сенатының депутаты Қайрат Тастекеев, аймақ ардагерлері, зиялы қауым, БАҚ өкілдері, облыстық мәслихат депутаттары, Абай атындағы драма театр ұжымы бар.

Абай облысының Шымкент қаласындағы мәдениет күндері Абай саябағындағы Абай ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімінен басталды. Шараға Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков, зиялы қауым өкілдері қатысты.

Өңірдің мәдениет күндері аясында Абай атындағы қазақ музыкалық драма театры Жұмат Шанин атындағы қазақ драма театрында көрермендерге өзінің үздік туындысын ұсынды. Абай театры бір ай бұрын Талдықорған қаласында өткен «БИКЕН FEST», Бикен Римова атындағы III халықаралық театр фестивалінде «Абай айтқан «Еңлік-Кебек» спектаклімен бас жүлдені иеленген болатын.

Көркемдік деңгейі жоғары бұл қойылым Шәкәрім Құдайбердіұлы, Мұхтар Әуезов және Мағауия Абайұлының әдеби мұраларына негізделе отырып сахналанды. Ұлттық театр өнеріндегі ерекше із қалдырған туынды көрермен жүрегіне жол тауып, сыншылар тарапынан жоғары бағасын алды. Спектакльдің режиссері — Қазақстан Республикасының «Мәдениет саласының үздігі» Жұлдызбек Жұманбай. Ол қойылымда заманауи режиссура мен дәстүрлі сахналық тәсілдерді шебер ұштастыра отырып, ұлттық рух пен тарихи болмысты терең жеткізе білді.

Басты кейіпкерлерді сомдаған талантты әртістер: Еңлік рөлінде – Еркеназ Қуанышқызы, Кебек рөлінде – Расул Семейғазы, баяндаушы – Азамат Нұрғамыс. Ұлтымыздың тарихында ерекше орны бар Еңлік – Кебек тағдыры арқылы елдік, бірлік, адамгершілік, махаббат секілді мәңгілік құндылықтар көркем бейнеде көрініс тапты.

«Шымкент – еліміздің ежелгі мәдени орталықтарының бірі. Бүгінде жайнаған алып шаһар еліміздің оңтүстік қақпасы, даму перспективасы мол мегаполиске айналды. Әсіресе, соңғы жылдары әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан айырықша түрлене түсті. Шымкент қаласы мен Абай облысы арасындағы өзара ынтымақтастық пен байланыс қарқынды дамып келеді. Бұған дейін Шымкент қалалық Жұмат Шанин атындағы драма театры арнайы шығармашылық сапармен өңірімізге келіп, қалың көрерменнің қошаметіне бөленген болатын. Бүгін міне біздің Абай атындағы театр ұжымы «Абай айтқан «Еңлік-Кебек» спектаклін шымкенттік көрермендерге ұсынды. Алдағы уақытта өңіраралық байланыстарды нығайтып, жалғастыра береміз», – деді аймақ басшысы.