Мақаншы ауданына жаңа өрт сөндіру техникасы келді

Абай облысы әкімдігі мен Төтенше жағдайлар департаментінің қолдауымен Мақаншы ауданы төтенше жағдайлар қызметінің материалдық-техникалық базасы жаңа техникамен, заманауи құрал-жабдықтармен толықты.
Құтқару қызметіне АЦ-5-40 (43118) «КамАЗ» маркалы өрт сөндіру автокөлігі, HOLMATRO HCT5114ST авариялық-құтқару құралы және DJI MAVIC 3T ұшу аппараты табысталды.
Жаңа техника өрт сөндіру мен құтқару жұмыстарының тиімділігін арттырады. Сондай-ақ, төтенше жағдайлардың алдын алу және зардаптарын жою бағытындағы қызмет сапасын жақсартуға мүмкіндік береді.
Шара барысында Мақаншы ауданының әкімі Дәурен Қойгелдин ауданның Төтенше жағдайлар бөлімі мен №18 Өрт сөндіру бөлімінің жеке құрамын Төтенше жағдайлар министрлігінің 30 жылдығымен және Республика күнімен құттықтады.