Абай облысында биылғы 9 айда 364,1 млрд.теңге инвестиция тартылды

Облыс әкімі Берік Уәли Үкімет отырысында 2025 жылғы қаңтар-қыркүйек айларындағы Абай облысының әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары туралы баяндады.
Биылғы есепті кезеңде облыстың жалпы өңірлік өнімінің көлемі 1,4 трлн.теңгеге жетті. Нақты көлем индексі 104 пайыздан асып, ұлттық даму жоспарына сәйкес жоспар 103,6 пайызға орындалды.
Осы жылдың 9 айында көлік саласында 123,5%, байланыста 106,4%, ішкі саудада 105,9%, ауыл шаруашылығында 102,8%, өңдеу өнеркәсібінде 101,3% өсім қамтамасыз етілді.
9 айда 364,1 млрд.теңге инвестиция тартылды. Нақты көлем индексі – 103,1%. Облыс экономикасының тұрақты өсімін қамтамасыз ету үшін кешенді жоспар жасалып, нәтижелі жүзеге асырылып жатыр.
Үкімет міндеттеген инвестиция көлемін ұлғайту тапсырмасын орындау үшін облыс тұрақты түрде инвестиция тарту жұмысын атқарып келеді. Тоғыз ай ішінде 85 шетелдік инвестормен келіссөз жүргізілді. Жыл басынан бері жүзеге асырылып жатқан инвестициялық жобалардың саны 29-дан 97-ға дейін өсіп, инвестиция көлемі 2,2 трлн теңгеден 3,2 трлн теңгеге ұлғайды.
Сондай-ақ облыс делегациясы Қытай Халық Республикасында өткен «Үлкен Алтай» халықаралық субөңірлік ынтымақтастық конференциясына қатысып, 20-дан астам іскерлік кездесу өткізді. Жалпы құны 1,5 млрд АҚШ долларын құрайтын 15 меморандумға қол қойылды.
Бұл көрсеткіштер өңірдегі инвестициялық белсенділіктің оң қарқынын көрсетеді. Жыл қорытындысында барлық әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері бойынша өсім қамтамасыз етіледі.
«Қазіргі уақытта облыс аумағында шетелдік капиталдың қатысуымен жалпы құны 713,7 млрд теңгені құрайтын 11 инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр, олардың аясында 3 мыңға жуық жаңа жұмыс орны құрылады. Дегенмен, әлеуметтік экономикалық даму көрсеткіштерін, оның ішінде жеке инвестиция тарту, құрылыс, тұрғын үйді пайдалануға беруді тұрақтандыру үшін ең бірінші инфрақұрылымдық проблемаларды шешуіміз керек. Бөлінген қаражат шеңберінде кезең-кезеңімен басым бағытты жұмыстар жүргізілуде», – деді облыс әкімі.