Саясат

Абай облысында өңірлік инвестициялық штабтың отырысы өтті

Абай облысында өңірлік инвестициялық штабтың отырысы өтті

Облыс әкімі Берік Уәлидің төрағалығымен өңірлік инвестициялық штабтың отырысы өтті. Жиынға инвесторлар, кәсіпкерлер, сондай-ақ құқық қорғау және мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты.

Отырыста «EMA Ltd» ЖШС, «Шығыс ШПЗ» ЖШС жобаларының іске асырылу барысы, түйткілді мәселелерін шешу жолдары талқыланды.

Негізгі капиталға инвестиция тарту көрсеткіштері мен биыл пайдалануға берілетін жалпыұлттық пулға енгізілген жобалардың іске асырылуы туралы Кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Айбек Рахымбеков баяндады.

Абай облысында инвестиция тарту бойынша жүйелі жұмыс атқарылуда. 2025 жылы негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 275,7 млрд теңгені құрады. Оның ішінде жеке инвестициялар көлемі – 194,4 млрд теңге, бұл жалпы инвестиция көлемінің 70,5 пайызын құрайды.

Кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының мәліметінше, облыс бойынша жалпы құны 3,2 трлн теңгені құрайтын, 14,4 мың жұмыс орнын қамтитын 97 жобадан тұратын инвестициялық пул әзірленді. Оның 45 жобасы Ұлттық цифрлық инвестициялық платформаға енгізілді. Биыл құны 25,2 млрд теңге болатын және 631 жұмыс орнын құруды көздейтін 11 жобаны іске асыру жоспарланған. Оның ішінде бүгінде 2,3 млрд теңге көлеміндегі 3 жоба жүзеге асырылып, 64 жаңа жұмыс орны ашылды. Қалған жобалар жыл соңына дейін іске асырылатын болады.

Жиын қорытындысында аймақ басшысы отырыста көтерілген мәселелерді шешу үшін тиісті басқарма басшыларына, сондай-ақ қала және аудан әкімдеріне нақты тапсырмалар берді.

«Әрбір инвестициялық жобаның Абай облысының әлеуметтік-экономикалық дамуына қосатын үлесі айрықша. Аталған жобаларды іске асыру өңірде жаңа өндірістердің құрылуына, жұмыс орындарының ашылуына және салық түсімдерінің ұлғаюына ықпал етпек. Осыған орай барлық бастамалар қолданыстағы заңнамаға сәйкес қолдау тауып, инвесторлар үшін қолайлы жағдайлар жасалатын болады. Облыс экономикасына елеулі үлес қосып отырған инвесторлардың еңбегін жоғары бағалаймыз. Басты міндетіміз – өзара әріптестікке негізделген тиімді ынтымақтастықты қамтамасыз ету. Облыстық басқармалар мен қала, аудан әкімдіктері инвесторларға жан-жақты қолдау көрсетіп, туындаған кедергілерді уақтылы шешуге міндетті» деді облыс әкімі.