Экономика

Абай облысында инвесторларды тарту бойынша кеңес өтті

Абай облысында инвесторларды тарту бойынша кеңес өтті

Облыс әкімі Берік Уәлидің төрағалығымен өткен жиында инвестицияларды тарту бойынша жоспарлы көрсеткіштердің орындалуы және инвестициялық жобаларды іске асыру мәселелері талқыланды. Күн тәртібіндегі мәселе бойынша Кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Айбек Рахымбеков баяндады.

Абай облысында инвестиция тарту бағытында жүйелі жұмыс жүргізілуде. 2025 жылға облыс бойынша негізгі капиталға салынатын инвестициялардың көлемі 417,7 млрд теңгені құрады. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда өсімнің оң динамикасын көрсетеді. Оның ішінде жеке инвестициялар көлемі – 267,3 млрд теңге, яғни жалпы инвестициялардың 73,3 пайызын құрап отыр.

Инвестиция тарту жұмыстарын жүйелі ұйымдастыру мақсатында облыстағы Ұлттық цифрлық инвестициялық платформаға енгізілген жобалар саны 29-дан 50-ге дейін артты. Қазіргі таңда жалпы құны 25,9 млрд теңге болатын 14 инвестициялық жоба іске асырылуда. Оның нәтижесінде 453 жаңа жұмыс орнын құру жоспарланған. Бүгінгі күнге дейін жалпы құны 7,3 млрд теңгені құрайтын 6 жоба іске қосылып, 182 жаңа жұмыс орны ашылды. Ал қалған 8 жобаны жыл соңына дейін жүзеге асыру жоспарланып отыр.

Жиын барысында инвестиция тарту бойынша төмен көрсеткіш көрсеткен аудан әкімдері мен осы салаға жауапты орынбасарлары аймақ басшысына инвестициялық ахуалды жақсарту бойынша қолға алынатын шаралар туралы ақпарат берді.

Облыс әкімі кеңесте кәсіпкерлік басқармасына өңірде жүзеге асырылатын, жалпыұлттық пулға кіретін инвестициялық жобалардың орындалуын қатаң бақылауда ұстауды, инвесторларды өңірлік үйлестіру кеңесіне тарту бойынша жұмысты күшейтуді, белсенділігі төмен қалалар мен аудандар бойынша нақты ұсыныстар енгізуді тапсырды.

«Барлық өңірлік басшылардан жоспарлы көрсеткіштерді толық орындау талап етіледі. Бұл көрсеткіштердің орындалуы облыстың жалпы рейтингіне тікелей әсер етеді және экономикалық даму көрсеткіштерін арттыруға мүмкіндік береді. Жоспарлы көрсеткіштерді орындау – облыстың инвестициялық тартымдылығы мен әлеуметтік-экономикалық тұрақтылығын қамтамасыз етудің маңызды факторы. Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен арнайы инвестициялық кеңес қорытындысында: «Егер инвестиция болмаса, даму жоқ» деп атап өтті. Сондықтан бұл бағыттағы жұмысты жандандыру қажет» деді аймақ басшысы.