Мәдениет

Семей қаласында Ұлттық домбыра күні аталып өтілді

Семей қаласында Ұлттық домбыра күні аталып өтілді

Семей қаласында Ұлттық домбыра күніне орай «Даланың үні – домбыра» мерекелік концерті өтті.

Ұлтымыздың ұлы мұрасын ұлықтаған шарада ҚР еңбек сіңірген қайраткерлері Ерлан Рысқали, Гүлмира Сарина, Айбек Бекбосын, ҚР мәдениет саласының үздіктері Қадылбек пен Маржан Омаровтар және қалалық мәдениет сарайының өнерпаздары сахна төріне шығып, көпшіліктің қошеметіне бөленді.

Кеш барысында күмбірлеген күй төгіліп, терме мен жыр көрерменнің жүрегіне жете білді. Домбыраның шанағынан төгілген әрбір әуен – ел тарихының, ұлт рухының, қазақтың болмысының үніндей әсер қалдырды.

«Домбыра – жай ғана аспап емес, ол біздің тарихымыз, шежіреміз. Осындай мерекелер арқылы жас ұрпақтың бойына ұлттық құндылықтарды сіңіруіміз қажет. Қос ішектің үні – ата-бабамыздың үні, салт-дәстүріміздің жаңғырығы. Сондықтан домбыраны дәріптеу – әр қазақтың парызы деп білемін», – деді қала тұрғыны.

Көпшілік бұл мерекені қазақтың рухани байлығын дәріптейтін маңызды шара деп бағалады.