Абай облысы әкімдігінің отырысы өтті

Бүгін облыс әкімі Берік Уәлидің төрағалығымен әкімдік отырысы өтті. Жиынға басқарма, департамент басшылары және аудан, қала әкімдері қатысты.
Отырыста мемлекет қатысатын кәсіпорындардың 2024-2025 жылдардағы қаржы-шаруашылық қызметінің қорытындылары және жоспарлары, сондай-ақ, облыс аумағында тіркелмеген жер қойнауын пайдаланушы кәсіпорындарды қайта тіркеу мәселесі талқыланды. Бұл туралы Қаржы басқармасының басшысы Гүлфайрус Серікболова мен Кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Айбек Рахымбеков баяндады.
Қазіргі уақытта облыстың жер қойнауын пайдаланушыларды қайта тіркеу бойынша жүйелі жұмыс жүргізіліп жатыр. Соның нәтижесінде биылдың өзінде 14 кәсіпорын облысқа қайта тіркеліп, оның ішінде 10-ы заңды мекен-жайын өзгертіп, 4-і филиалдарын ашты. Бұл жергілікті бюджетке түсетін салық түсімдерінің артуына және өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына оң әсерін тигізіп отыр. 2025 жылдың қаңтар-тамыз айларында жер қойнауын пайдаланушылардан түскен салық көлемі 23,7 млрд теңгеге жетті. Сонымен қатар алдағы уақытта тағы бірнеше кәсіпорынды қайта тіркеу жоспарланып отыр.
«Еліміздің табиғи қазба байлықтарын заң талаптарына сәйкес пайдалануды қамтамасыз ету –біздің басты мақсат. Себебі, жер қойнауындағы табиғи қазбалар біздің болашақ ұрпағымыздың, еліміздің экономикасының тиімді дамуының кепілі» деді облыс әкімі.
Жиында аймақ басшысы квазимемлекеттік сектор ұйымдарының қызметіне кешенді ішкі талдау жасап, анықталған кемшіліктер бойынша нақты шаралар қабылдауды, облыс әкімінің бірінші орынбасары Ербол Садыр мен Кәсіпкерлік басқармасының басшысына басқа өңірлерде тіркелгенімен, Абай облысының аумағында қызметін жүзеге асырып отырған жер қойнауын пайдаланушыларды қайта тіркеу бойынша мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп кешенді жұмыс жүргізіп, нәтижесін баяндауды міндеттеді.
Сонымен қатар аудан, қала әкімдері және құқық қорғау органдарымен бірлесіп, жер қойнауын заңсыз пайдалану фактілерін анықтау үшін рейдтік шаралар ұйымдастыру керектігін айтты.
Сондай-ақ облыс әкімі отырыста жылу құбырларын ауыстырғаннан кейін қазылған жерлерді қалпына келтіру жұмысын уақтылы әрі сапалы жүргізуді, «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында сенбіліктерді тұрақты түрде жалғастыруды, «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында салынған медициналық нысандарды пайдалануға беру жұмыстарын жеделдетуді тапсырды.