Ақсуат көшелеріне жаңа бағдаршамдар орнатылды

Ақсуат ауылында жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыру мақсатында жүйелі жұмыстар қолға алынуда. Елді мекеннің бірқатар учаскелерінде көлік пен жаяу жүргіншілер қозғалысын реттейтін 7 жаңа бағдаршам орнатылды.
Жоба аясында 4 жерге көлікке арналған, 3 жерге жаяу жүргіншілерге арналған бағдаршамдар қойылды. Заманауи жарық реттеуіштер мектеп пен қоғамдық орындар маңына, жол қозғалысы қарқынды учаскелерге орнатылған. Бұған дейін бұл аумақтарда көлік қозғалысы мен тұрғындардың қауіпсіздігіне қатысты мәселелер жиі көтерілген.
Жергілікті билік бұл шара жол-көлік оқиғаларын азайтуға сеп болады деп отыр. Алдағы уақытта жаяу жүргінші жолдарын жаңарту, жол белгілерін орнату және жол жабындысын жөндеу бағытындағы жұмыстар жалғасын табады.