Оқу-ағарту министрі Абай облысындағы білім нысандарының тыныс-тіршілігімен танысты
Абай облысына жұмыс сапарымен келген Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова облыс әкімі Берік Уәлимен бірге өңірдегі бірқатар білім нысандарын аралап, материалдық-техникалық базасымен және білім беру сапасын арттыру бағытындағы жұмыстармен танысты.
Жарма ауданындағы Ақтайлақ би атындағы орта мектебі 2010 жылы ашылған. Бүгінде мұнда 226 оқушы білім алады, 40 мұғалім еңбек етеді. Білім ордасында 22 оқу кабинеті, 180 орындық акт залы, 96 орындық асхана, спорт залы және 14 мыңнан астам кітап қоры бар кітапхана жұмыс істейді.
Ақтайлақ би орта мектебі – білім сапасы жоғары, үлгілі білім ордаларының бірі. Мектеп оқушылары облыстық және республикалық пәндік олимпиадаларда жүлделі орындарға ие болып, оқу үздіктерінің қатарынан көрініп жүр. Биылғы оқу жылында мектептің 4 түлегі «Алтын белгі» иегері атанды. Сондай-ақ, бірнеше түлек мемлекеттік білім гранттарын жеңіп алды. Одан бөлек мектеп оқушылары республикалық «Ай қанат» білім беру жобасы аясында да бірқатар гранттарға қол жеткізді.
Министрге осы ауданның Суықбұлақ ауылында апатты деп танылған мектептің орнына салынып жатқан екі қабатты жаңа мектептің құрылысы таныстырылды. 100 оқушыға арналған білім ордасының құрылыс жұмыстарының 40 пайызға жуығы орындалған. Бірінші қабаттың құрылысы аяқталған. Мұнда оқу кабинеттерімен қатар, жеке спорттық блок қарастырылған. Ғимарат заманауи технологиялармен жабдықталып, оқушыларға сапалы білім алуға толық мүмкіндік бермек. Сыртқы алаңда оқушылардың бос уақытын тиімді өткізуге арналған демалыс аймағы, футбол, волейбол, баскетбол және гимнастика алаңдарын салу жоспарланған.
1964 жылы балабақша ретінде салынған ескі ғимарат тозып, апатты деп танылған болатын. Оқушылар бірнеше жылдан бері қолайсыз жағдайда білім алып келеді. Бастауыш сынып оқушылары ескі ғимаратта, 5-11 сыныптың оқушылары көрші ауылға автобуспен қатынап жүр. Ауыл тұрғындары жаңа мектеп салу мәселесін 2011 жылдан бері көтеріп келген. Биыл 19 наурызда аймақ басшысы Берік Уәли Жарма ауданына барғанда мектепке арнайы келіп, жаңа білім ордасы бой көтеретінін айтқан болатын. Араға үш ай салып, 18 маусым күні мектептің іргетасы қаланды. Құрылыстың толық аяқталуы 2026 жылдың сәуір айына жоспарланған.
Семей қаласындағы 1985 жылы ашылған №9 «Айгөлек» бөбекжайы инклюзивті білім берудің үлгісі саналады. Бүгінде мекемеде 284 бала тәрбиеленуде. 12 топтың 6-сы түзету бағытында, ал қалғандары жалпы білім беретін топтар. Мұнда ерекше білім беруді қажет ететін балалар үшін ресурстық инклюзивті кабинет, логопед және ұлттық құндылықтар кабинеттері, спорт және музыка залдары бар. Балабақшада 37 педагог жұмыс істейді. Мектепке дейінгі білім беру мекемесі тәрбие процесіне жасанды интеллектті енгізуімен де ерекшеленеді.
Екі күнде облыстың үш ауданындағы білім нысандарының жағдайымен танысқан Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова өңірдегі білім беру инфрақұрылымын жаңғырту, педагогтардың мәртебесін көтеру және балаларға сапалы білім алуға барынша қолайлы жағдай жасау бағытындағы жұмыстардың жалғасатынын атап өтті.