Экономика

Жылына 2000 тонна: Түркістан облысында уран өңдейтін жаңа зауыт іске қосылды

Жылына 2000 тонна: Түркістан облысында уран өңдейтін жаңа зауыт іске қосылды

Созақ ауданында орналасқан жаңа уран өңдеу зауыты “Оңтүстік Төртқұдық” жобасы аясында ашылды. Ол құрамында уран бар ерітінділерді өңдеумен айналысады. Ауқымды өндіріс орнының қуаттылығы – жылына 2000 тонна уран. Компания бұл учаскені толық іске қосу арқылы жылдық өндіріс көлемін 4000 тонна уранға дейін жеткізбек.

Зауыт қалай салынды?

Жобаға құйылған инвестиция көлемі – 74,7 млрд теңге. 2023 жылы басталған зауыт құрылысы үш жыл ішінде аяқталды. Жоба аясында гидротехникалық желілер, асфальт және қиыршық тасты жолдар, электр желілері мен трансформаторлық қосалқы станция салынып, жергілікті мердігерлер арқылы шамамен 600 адам жұмыспен қамтылды.

Жаңа зауыттың ашылу салтанатына Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров, Францияның Қазақстандағы елшісі Сильван Гиоге, “Қазатомпром” ҰАК” АҚ Басқарма төрағасы МейіржанЮсупов, “КАТКО” компаниясының бас директоры Паскаль Бастьен және өзге де сала өкілдері қатысты.

Облыс әкімі Нұралхан Көшеров жаңа өндіріс орнының маңызына тоқталды:

“Бұл жоба өндірісте және ішкі, сыртқы нарықты жоғары сапалы уранмен қамтамасыз етеді, жаңа технологияларды енгізу арқылы уранды өндіруге бағытталады. Жаңа жұмыс орындары ашылғанын атап өткен жөн. Облыс әкімдігі тарапынан аталған өндіріс үшін 6 мың гектарға жуық жер телімі бөлінді және барлық қажетті инфрақұрылымдармен қамтамасыз етілді. Өндіріс орындарын ашу бағытындағы жұмыстар жалғасады”, – деді облыс әкімі Нұралхан Көшеров.

“Қазатомөнеркәсіп” ҰАК” АҚ Басқарма төрағасы Мейіржан Юсупов:

“Оңтүстік Төртқұдық учаскесінде өңдеу зауытының іске қосылуы тұсауы жаңа кесілген компания үшін ғана емес, Қазақстанның бүкіл атом өнеркәсібі үшін де маңызды оқиға. Осы зауыттың құрылысына тікелей қатысқан қазақстандық мамандардың кәсібилігін ерекше атап өтіп, француз әріптестерімізді жобаның сәтті жүзеге асуымен құттықтағым келеді”, – деді Ұлттық компанияның Басқарма төрағасы Мейіржан Юсупов.

Зауытты кім салды?

Айта кетейік, “KATKO” – Түркістан облысындағы ең ірі жұмыс берушілердің бірі. Осы күні компания 1300 адамды жұмыспен қамтамасыз етеді, олардың 70%-дан астамы Қазақстанның оңтүстігінде және 52%-дан астамы Созақ ауданында тұрады. Компания қызметкерлерінің 99 пайызы Қазақстан азаматтары.

Стратегиялық маңызы қандай?

Соңғы жылдары Қазақстан уранды тек шикізат күйінде емес, қайта өңдеп, жоғары қосылған құнмен экспорттауға басымдық беріп отыр. Бұл – елдегі уранды қайта өңдейтін осымен үшінші зауыт. Қазақстан әлемдегі уран өндіру бойынша жетекші елдердің бірі – әлемдік табиғи уран өндірісінің шамамен 40 пайызын қамтамасыз етіп отыр. Бұл елді әлемдік атом энергетикасы саласында стратегиялық маңызды ойыншыға айналдырады.