Мәдениет

Алматыда Батыр Қазыбаевты еске алу кітабының тұсаукесері өтті

Алматыда Батыр Қазыбаевты еске алу кітабының тұсаукесері өтті

12 маусымда Алматыда танымал журналист, Tengrinews.kz негізін қалаушы және Alash Media Group холдингінің басшысы Батыр Қазыбаевтың естелігіне арналған “Остаться светом” атты кітаптың тұсаукесері өтті, – деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

Кітап – естеліктер жинағы. Оны құрастыруға медиаменеджердің отбасы мүшелері, жақындары, достары және әріптестері атсалысқан. Басылымға мәтін ғана емес, Батыр Қазыбаевтың өзі түсірген сирек мұрағаттық суреттер де енген.
Тұсаукесерге туыстары, әріптестері және достары жиналды. Олар Батыр Қазыбаевты талантты медиаменеджер және сенімді дос, жобаларына жан-тәнімен берілген жарқын және ерекше тұлға ретінде еске алды.

“Батыр бар болғаны 53 жыл өмір сүрді, бірақ осы қысқа ғұмырында 80-90 жыл өмір сүрген көрнекті тұлғалармен тең еңбектер жасап үлгерді. Ол журналистикада өзіндік стилі бар ерекше тұлға болды. Ұлымның әріптестері оның еңбектерін ұмытпайды деп сенемін және оның есімі халық жадында қалады”, – деді Батырдың анасы Орынша Қарабалина-Қазыбаева.

Сондай-ақ, ол кітап авторларына және оны әзірлеуге қатысқандардың барлығына алғысын білдірді:

“Сіздер барда Батырдың есімі ұмытылмайды. Мен баршаңызды оның мұрасы, идеялары мен еңбектерін есте сақтауға шақырамын. Бұл менің ана ретіндегі өсиетім”.

Батыр Қазыбаев бүкіл ғұмырын медиа саласына арнаған, Alash Media Group холдингін басқарды. Қазіргі уақытта бұл холдинг құрамына Tengrinews.kz, Vesti.kz, Massaget.kz сайттары және “Жұлдыз FM”, “Ретро FM Қазақстан” радиостанциялары кіреді. Сонымен қатар, ол The Spirit of Tengri этникалық музыка фестивалін негізін қалап, іске қосқан. “Жетінші арнаның” құрылуына да атсалысқан.

Биыл оның басты жобасы Tengrinews.kz өзінің 15 жылдық мерейтойын атап өтеді.

Батыр Қазыбаев 2022 жылы ұзаққа созылған ауыр сырқаттан кейін өмірден озды.