Абай облысында өтетін «Жеті қазына» ұлттық байқауының бағдарламасы таныстырылды

Абай облысында 1–10 тамыз аралығында өтетін онкүндік аясында ірі мәдени және спорттық іс-шаралар легі жоспарланған. Соның ішіндегі ең ауқымдысы – «Жеті қазына» республикалық ұлттық байқауы.
Аталған байқау жеті бөлімнен тұрады, оның үшеуі мәдени бағыттағы сайыстар болып табылады. Атап айтқанда, «Ілім, білім: Абай оқулары», «Сұлу әйел» және «Ер жігіт» байқаулары. Аталған ақпарат Абай облысының өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясы барысында мәлім болды. Брифингке Абай облысы мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы басшысының орынбасары Олжас Соғымбай, Абай облыстық олимпиадалық спорт түрлері бойынша жоғары спорт шеберлігі мектебінің директоры Мұхит Тұрсынов, сондай-ақ Семей қаласының дене шынықтыру және спорт бөлімі басшысының міндетін атқарушы Қуат Исажанов қатысты.
Бүгінде еліміздің әр өңірінен және Абай облысының аудан-қалаларынан осы байқауларға қатысушылардың тізімі жасақталуда. Барлық үш байқау да Абай ауданындағы Қарауылтөбе елді мекенінде өтеді деп жоспарланған.
Мәдени байқаулардың кестесі келесідей: «Ілім, білім: Абай оқулары» – 2025 жылғы 8 тамыз; «Сұлу әйел» байқауы – 8-9 тамыз; «Ер жігіт» байқауы – 8-9 тамыз.
Айта кетерлігі, әр байқауға 30-дан артық үміткер қатыса алмайды, ал жалпы қатысушылар саны 90 адамнан аспауы тиіс. Сол себепті қатысушылардың тізіміне алдағы уақытта өзгерістер енгізілуі мүмкін.
Байқау жеңімпаздарына арналған жүлде қоры да айтарлықтай қомақты:
🔹 «Ер жігіт» сайысы:
І орын – 7 бас жылқы
ІІ орын – 5 бас жылқы
ІІІ орын – 3 бас жылқы
🔹 «Сұлу әйел» байқауы:
І орын – 5 бас жылқы
ІІ орын – 3 бас жылқы
ІІІ орын – 1 бас жылқы
🔹 «Ілім, білім: Абай оқулары»:
І орын – 7 бас жылқы
ІІ орын – 5 бас жылқы
ІІІ орын – 3 бас жылқы
Қатысушылармен бірге олардың жанкүйерлері мен қолдаушылары да келеді деп күтілуде. Ұйымдастырушылар 6–7 тамыз күндері Семей қаласындағы теміржол вокзалы мен әуежайдан қонақтарды күтіп алу жұмыстарын жүргізеді.
Шаралар барысында қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздік, қатысушылардың денсаулығы да басты назарда болмақ. Бұл бағытта арнайы мамандар жұмыс істейтін болады.