Өмір

“Өмірім өзгеріп кетті деп айта алмаймын”. Күйеуінің тегіне өту міндетті ме?

“Өмірім өзгеріп кетті деп айта алмаймын”. Күйеуінің тегіне өту міндетті ме?

Жеке куәлікті жарамдылық мерзімі әлі бітпесе де ауыстыратын жағдайлар болып жатады. Мысалы, адам атын немесе тегін өзгертуі мүмкін. Әдетте әйел адамдар тұрмысқа шыққан кезде күйеуінің тегін алады. Бұл мәселеге қатысты заң және исламда не айтылған? Massaget.kz тілшісі анықтап көрді.

                                                                                                                                  Заңнама не дейді?

“Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы” кодекске сәйкес, жеке куәлік неке қию туралы куәлікті алған сәттен бастап 30 күн ішінде ауыстырылуы қажет. Егер сіз көрсетілген мерзімнен кешігіп өтініш білдірсеңіз әкімшілік жауапкершілікке тартыласыз. Яғни 7 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады. 2023 жылы ол 24 150 теңге.

Кодексте неке қию кезiнде ерлi-зайыптылар өз тiлектерi бойынша ортақ тегі ретiнде өздерiнiң бiреуiнiң тегiн таңдайды не ерлi-зайыптылардың әрқайсысы өзiнiң некеге дейiнгi тегiн сақтап қалады, не біреуі өз тегiне екiншi жұбайдың тегiн қосып алатыны айтылған. Егер ерлi-зайыптылардың бiреуiнiң болса да некеге тұрғанға дейiнгi тегi қосарлас болса, олардың тектерін қосуға жол берiлмейдi. Ерлі-зайыптылар ажырасып кеткен жағдайда олар жаңа тегін сақтауға немесе үйленгенге дейінгі тегін қайтадан алуға құқылы.

                                                                                                           Тегін ауыстырған және өз тегінде қалған

Алматылық байер Камила Долаева жақында тұрмысқа шығады. Алайда ол өзінің тегін ауыстырмайтынын айтады.

“Күйеуімнің тегіне өту туралы мәселені бірге ақылдастық, бірақ сөйлесе келе өз тегімде қалуды шештім. Біріншіден өз анам да өз тегімен қалған, менде де о бастан күйеуімнің тегіне көшу ойда болмады. Жігітім де қарсы емес. Таңдауды өзіме берді.

Екіншіден, қазақта “ата-баба әруағы қолдасын” деген сөз бар. Адамның аты, тегі оның өміріне тікелей әсер етеді. Әркімнің өмірден өткен аталары Алланың рұқсатымен ұрпағының жақсылығына себепкер бола алады, шапағатшы болады, біз үшін дұға ете алады. Сол үшін де өз тегімде қалғым келеді”, – дейді Камила Долаева.