“Ұлттық қор – балаларға“: тұрғын үй мен білімге қанша ақша аударылды?

БЖЗҚ “Ұлттық қор – балаларға” мемлекеттік бағдарламасы аясында мақсатты жинақтарды пайдалану туралы мәліметтерді жариялады, – деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
2025 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша, 2024 жылғы 1 ақпаннан бастап 14,86 миллион АҚШ доллары сомасына 117 495 өтініш орындалған.
“Оның ішінде тұрғын үй жағдайын жақсарту мақсатында 9,20 миллион АҚШ доллары сомасына 71 488 өтініш, білім беру ақысын төлеу үшін 5,66 миллион АҚШ доллары сомасына 46 007 өтініш орындалды”, – делінген хабарламада.
Еске салайық, нысаналы жинақтарды (НЖ) алушы барлық соманы немесе оның бір бөлігін пайдалануға құқылы, пайдаланылмаған қалдық нысаналы жинақтау шотында (НЖШ) қалады.
“Тұрғын үйді жақсартуға арналған қаражатты пайдаланудың ең танымал қосалқы мақсаттары: одан әрі жинақтау үшін тұрғын үй құрылысы жинақтарындағы салымды толықтыру (9,00 миллион АҚШ долларына 69 756 өтініш орындалды), тұрғын үй сатып алуға ипотекалық тұрғын үй қарызын алу үшін бастапқы жарнаны енгізу – 66,52 мыңнан сәл асатын АҚШ долларына 551 өтініш, азаматтық-құқықтық мәмілелер бойынша меншікке тұрғын үй сатып алу (түпкілікті есеп айырысу) – 49,84 мың АҚШ долларына 436 өтініш”.
Білім беру ақысын төлеу шеңберіндегі ең танымал қосалқы мақсаттар:
- Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан білім беру ұйымдарының білім беру қызметтеріне үлестермен немесе толық көлемде бір мезгілде ақы төлеу (5,04 миллион АҚШ долларына 40 517 өтініш орындалды),
- білім беруге жинақтау салымы туралы шарт бойынша білім беруге жинақтау салымын толықтыру (454,21 мың АҚШ долларына 4 040 өтініш орындалды),
- шетелдік білім беру ұйымдарының білім беру қызметтеріне үлестермен немесе толық көлемде біржолғы ақы төлеуге (131,38 мыңнан астам АҚШ долларына 1 166 өтініш орындалды) төлем жасау.
“Кәмелетке толған азаматтар БЖЗҚ-ның немесе электрондық үкіметтің интернет-ресурстарындағы жеке кабинеті арқылы өз НЖ-тарын дербес қадағалап отыруы тиіс, содан кейін уәкілетті операторға АҚШ долларында банктік шот ашу және тұрғын үй жағдайларын жақсарту және (немесе) білім беру ақысын төлеу үшін НЖ төлеуге онлайн-өтініш беру үшін жүгінуі тиіс”.