Қазақстан жаңалықтары

Қазақстанда тұрғылықты жерге тіркеу жүйесіне маңызды өзгерістер енгізілмек

Қазақстанда тұрғылықты жерге тіркеу жүйесіне маңызды өзгерістер енгізілмек

Қазақстанда 14 жасқа дейінгі балалар тұрақты тұратын мекенжайы бойынша міндетті тіркеуге жатпайды. Осыған байланысты елде халықтың нақты есебін жүргізуде мәселелер туындаған. ІІМ бұл ережені жоюды және ата-аналарды баланы туған сәттен бастап тіркеуге міндеттеуді жоспарлап отыр. Тиісті бұйрық жобасы талқылауға шығарылған, – деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

Түсіндірмедегі мәлімет бойынша, 2020 жылдан бері Ұлттық статистика бюросында 14 жасқа дейінгі балаларға қатысты мекенжайлық мәліметтер жоқ. Бұл елдегі демографиялық жағдайдың толық көрінісін жасауға кедергі келтіреді. Жаңа ережелер қабылданғаннан кейін мұндай деректер баланың тууынан кейін бірден енгізіледі.

Тіркеу үшін баланың жеке басын куәландыратын құжаттардың бірі қажет — мысалы, туу туралы куәлік. Бұл ретте жас шегі 16 жасқа дейін деп белгіленеді.

Құжаттар “Азаматтарға арналған үкімет” арқылы рәсімделеді

Сондай-ақ, бұйрық жобасы “Азаматтарға арналған үкімет” мемлекеттік корпорациясы қызметкерлерінің жеке куәліктер мен төлқұжаттарды беру жөніндегі өкілеттіктерін бекітеді. Мұндай тәжірибе пилоттық жоба аясында сынақтан өткен және ІІМ мәліметінше, көші-қон бөлімдеріндегі кезектерді азайтуға және қызметкерлерге түсетін жүктемені төмендетуге мүмкіндік берген.

Корпорация қызметкерлері мемлекеттік функцияларды орындайтын тұлғаларға теңестіріледі. Бұл азаматтарды құжаттандыру үдерістеріне олардың қатысу аясын кеңейтуге мүмкіндік береді.

Ведомство бұл ұсынылып отырған өзгерістердің жағымсыз салдары жоқ екенін және азаматтардың мемлекеттік қызметтерге қол жеткізуін жеңілдетуге бағытталғанын атап өтті.