Қазақстанда банктер жаңа әдіспен қызмет көрсетеді

Қазақстанда банк қызметтерін ұсыну қағидаларына өзгерістер әзірленді. Тиісті құжатты Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі (ҚНРДА) жариялады, – деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Құжат қаржылық қызметтер тұтынушыларының құқықтарын қорғау және реттеуді жеңілдету туралы заңды іске асыру мақсатында әзірленген.
Қаулы жобасында мыналар қарастырылған:
- Мүгедектігі бар және қозғалысы шектеулі азаматтар үшін банк қызметтерінің қолжетімділігін қамтамасыз ету жөніндегі міндетті шаралар – ұлттық стандартқа сәйкес;
- Банк сайтында қарыздар бойынша ай сайынғы төлемдерді есептейтін калькуляторды орналастыру міндеттілігі;
- Төлемдер мен аударымдар тарифтерінің өзгерісі туралы клиенттерге кемінде 3 ай бұрын хабарлау;
- Клиенттердің өтініштерін қарау мерзімдерін белгілеу.
Сондай-ақ, нормативтік актінің атауына редакциялық өзгерістер енгізу жоспарланған.
Бұл нормалар әлі күшіне енген жоқ. Қаулы жобасы 21 шілдеге дейін “Ашық НҚА” порталында көпшілік талқылауында болады.