Облыс әкімі инвесторлармен кездесті

Бүгін облыс әкімі Берік Уәли «Tumar Minerals Ltd.» компаниясының өкілдерімен кездесті. Кездесу барысында облыс аумағы мен Семей қаласында инвестициялық жобаларды жүзеге асыру мәселелері талқыланды.
«TUMAR Minerals Ltd.» директорлар кеңесінің төрағасы Серік Тәукебаев индустрияландыру картасы аясында Абай облысында түрлі-түсті металдар мен сирек кездетін металдарды өндіретін кен байыту комбинаты мен Семей қаласындағы «Өндіріс» индустриялық аймағында жоғары деңгейлі өңдеу зауытын салу жөнінде ұсыныстарын жеткізді. Компания Қытайдың алдыңғы қатарлы компанияларымен және ірі өңдеу зауыттарымен серіктестік орнатқан. Инвесторлардың айтуынша, жобаның алғашқы кезеңінде, яғни, кен орны іске қосылған жағдайда 300-ге жуық жаңа жұмыс орны құрылады.
Аймақ басшысы кездесуде айтылған ұсыныстарды қарастыруға дайын екенін атап өтті.
«Біз өңірді дамытуға ниетті инвесторлармен жұмыс істеуге мүдделіміз. Қазіргі уақытта Семей қаласындағы «Өндіріс» индустриялық аймағын ұлғайтып жатырмыз. Сіздердің тараптарыңыздан көтерілген бастамаларды қолдауға әзірміз» деді облыс әкімі.