Облыс әкімі экобелсенділермен кездесті

Бүгін облыс әкімі Берік Уәли өңірдегі экобелсенділер Дамир Айдынұлы мен Кербез Айдарбекқызымен кездесті.
Аймақ басшысы жастардың белсенділігі мен табиғатқа жанашыр көзқарасына ризашылығын білдіріп, өңірде экологиялық бастамаларға әрдайым қолдау көрсетілетінін атап өтті.
«Сіздер өз іс-әрекеттеріңіз арқылы үлкен насихат жасап, елдің санасына ой салдыңыздар. Бұны көшедегі қоқыстарды жинау ғана емес, қоғамға қажетті құндылықтарды дәріптеу деп түсінемін. Сондықтан бұл бастамаларыңыз – жастарға да, үлкендерге де үлгі. Облыс әкімі ретінде сіздердей азаматтарға алғысымды білдіремін. Біз әрдайым осындай белсенді, елге жанашыр адамдарды қолдауға дайынбыз. Сіздерге табыс етілетін бүгінгі кішігірім марапат – еңбектеріңіздің лайықты бағасы. Алдағы уақытта да туған жерімізді таза ұстау жолындағы игі істеріңіз жалғасын табарына сенемін. Бірге атқарған әр іс – берекелі болмақ. Сіздерге ризашылығымды білдіріп, алғыс айтамын!», – деді Берік Уәли.
Жүздесу барысында жастармен экологияны сақтау, табиғатты қорғау, экотуризмді дамыту бағытында ұсыныстар айтылып, пікір алмасылды.