Экономика

Облыс әкімі «ArInvest Semey» кәсіпорнында болды

Облыс әкімі «ArInvest Semey» кәсіпорнында болды

Бүгін облыс әкімі Берік Уәли Семей қаласындағы бірқатар нысандарды аралады. Аймақ басшысы 2024 жылы құрылған, жылу желілеріне арналған арнайы оқшауланған құбырлар шығаратын «ArInvest Semey» ЖШС-інде болды. Мұндай құбырлар тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандарға жылу жеткізетін жүйелерде қолданылады. Олар энергияны үнемдеп, жылудың жоғалуын азайтуға мүмкіндік береді. Өндіріс қуаттылығы – түрлі диаметрдегі 350 мың метр құбыр және 15 мыңдай қосалқы бөлшек шығару. Қазір мұнда 35 адам тұрақты жұмыспен қамтылған.

Кәсіпорында полиуретан көбігі қабатымен қапталған болат құбырлар мен түрлі фасондық бұйымдар, үштік тармақтар және өтпелер өндіріледі. Бұл өнімдер жер үсті және жер асты жылу желілерін тарту кезінде қолданылады.

Аймақ басшысы өндіріс процесімен танысып, кәсіпорынның мүмкіндіктерін жоғары бағалады. Зауыт өкілдері өнімдерін өткізу жағынан көмек көрсетуді сұрады.

«Кәсіпорын қала ішінде, логистикалық тұрғыда қолайлы жерде орналасқан. Семей қаласындағы құбырларды жаңғырту кезінде осында жасалған құбырларды пайдаланып, өзімізде өндірілген өнімге қолдау білдіруіміз керек. Кәсіпкерлік басқармасына осы бағытта жұмыс істеуді тапсырамын» деді облыс әкімі.