Облыс әкімі Қытай Халық Республикасының Алматыдағы Бас консулымен кездесті

Облыс әкімі Берік Уәли Қытай Халық Республикасының Алматы қаласындағы Бас консулы Цзян Вэймен кездесті. Кездесу барысында тараптар Абай облысы мен Қытай Халық Республикасы арасындағы сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты кеңейту мәселелерін талқылады.
Аймақ басшысы Абай облысының екі жақты әріптестікке ашық екенін жеткізді.
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев атап өткендей, Қытай Қазақстан үшін сенімді дос әрі әртүрлі экономикалық салада сенімді серіктес болып қала береді. Абай облысы мен Шыңжаң ұйғыр автономиялық ауданы арасында 250 шақырымнан астам шекара бар. Абай облысының стратегиялық теміржол, автомобиль, әуе және су көлігі бағыттарының қиылысында орналасуы бұл бағыттағы дамуға үлкен серпін берері анық. Облыста әлемдік стандарттарға (ИКАО) сай халықаралық әуежай бар. Сондай-ақ, біз «Аягөз – Тачэн» теміржолын салу арқылы өңірдің транзиттік әлеуетін арттыруға, құрғақ порт құруға ниеттіміз. Бұл екі ел арасындағы тауар айналымын арттырып, өңірдің транзиттік әлеуетін жаңа деңгейге көтереді, – деді облыс әкімі.
Консул Цзян Вэй екі ел арасындағы аймақтық ынтымақтастықты дамытуға мүдделі екенін айтып, ҚХР тарапынан Абай облысындағы бірлескен жобаларды қолдауға дайын екенін білдірді. Сондай-ақ ол Бақты кеден бекетін жаңғырту туралы, атап айтқанда, туристердің кеден бекетінен еркін өтуіне мүмкіндік тудыратын «жасыл дәліз» ұйымдастырылса деген ұсынысын айтты.
Бұдан бөлек Цзян Вэй білім беру саласында Семей медицина университетімен қарым-қатынас орнатуға ниет білдірді. Сонымен қатар консул облыс әкімін күзде Шыңжаң Ұйғыр Автономиялық ауданының Шәуешек қаласында өтетін форумға шақырды. Тачен аймағының Абай облысымен тығыз экономикалық қарым-қатынас орнатқысы келетінін жеткізді.