Экономика

Облыс әкімі Парламент Мәжілісінің депутаты Нұрлан Әуесбаевпен кездесті

Облыс әкімі Парламент Мәжілісінің депутаты Нұрлан Әуесбаевпен кездесті

Бүгін аймақ басшысы Берік Уәли Парламент Мәжілісінің депутаты, әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі, Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы (ЖСДП) фракциясының мүшесі Нұрлан Әуесбаевпен кездесті. Оған ЖСДП орталық аппаратының атқарушы хатшысы Нұрлан Жабаев пен партияның облыстық филиалының төрағасы Рүстем Сарманов қатысты.

Кездесуде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Түркістан» газетінде жарияланған сұхбатындағы жүктелген міндеттерді жүзеге асыру барысы талқыланды.

Аймақ басшысы өңірде атқарылып жатқан ауқымды жұмыстар, Президенттің қолдауымен басталған «Абайға құрмет» акциясы, облыстағы игі істер мен тың бастамалар туралы айтты. Облыста инфрақұрылымдық мәселелерді шешуге, жылу, су, электр желілерін жаңғыртуға, жолдарды жөндеуге, әлеуметтік нысандарды салуға, инвестиция тартуға және ауыл шаруашылығы, туризм, кәсіпкерлік салаларын дамытуға басымдық беріліп отырғанына тоқталды.

Нұрлан Әуесбаев Абай облысының жаңадан құрылған аймақ екенін атап өтіп, өңірдің денсаулық сақтау, мәдениет салаларындағы өзекті мәселелеріне, Семей ядролық сынақ полигонының зардаптарын жою проблемаларына назар аударып, алдағы уақытта тиісті министрліктерге депутаттық сауал ретінде көтеруге әзір екенін жеткізді.

Парламент Мәжілісінің депутаты жұмыс сапары аясында өңірдің әлеуметтік сала, орман шаруашылығы қызметкерлерімен кездесіп, бірқатар маңызды нысандарды аралайды.