Омбыдағы қазақ диаспорасымен кездесу өтті
Облыс әкімі Берік Уәли бастаған өңір делегациясы Омбы қаласындағы Қазақстан Республикасының Бас консулдығында қазақ диаспорасы өкілдерімен кездесті. Кездесуге Омбы облысының губернаторы Виталий Хоценко, Шығыс Қазақстан мен Павлодар облыстарының делегациялары, Омбы облысындағы қазақ қоғамдық бірлестіктерінің жетекшілері мен өкілдері қатысты.
Еркін форматта өткен жүздесуде мәдени-гуманитарлық байланыстарды нығайту, қазақ диаспорасының бастамаларын қолдау және өңірлер арасындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту мәселелері талқыланды.
«Өздеріңіз білесіздер, Омбы жерінде қазақтың белгілі азаматтары, Шоқан Уәлиханов сынды тұлғалар болған. Ресей – Қазақстанның стратегиялық серіктесі. Екі мемлекеттің арасында өзара құрмет пен сыйластыққа негізделген шынайы достық қатынас орнаған. Біз мұны жоғары бағалаймыз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев: «Тарихи, саяси, экономикалық, гуманитарлық факторлар тұрғысынан алғанда Қазақстан мен Ресейдің орны айрықша» деп екі мемлекет арасындағы ынтымақтастықтың маңызды екенін атап өткен. Жалпы, Омбы мен Семей арасындағы ғылыми, рухани, мәдени байланыстар тым тереңнен тамыр тартады. Алдағы уақытта өңір аралық байланыстарымыз жаңа деңгейге шығады деп сенемін», – деді аймақ басшысы.
Кездесу барысында облыс әкімі құрмет белгісі ретінде «Омбы қазақтары» газетінің бас редакторы Тұрғын Ашеноваға Абайдың картинасын және Омбы облысының басшылығына Абайдың 5 тілдегі кітабын тарту етті.