Қажымұқан Мұңайтпасұлының жүлдесіне арналған Әлем кубогінде Абайлық балуандар жүлдегер атанды
30–31 қазан күндері Түркістан қаласында қазақ даласының батыры, күш атасы Қажымұқан Мұңайтпасұлының жүлдесіне арналған ересектер арасындағы қазақ күресінен Әлем кубогі өтті. Дүбірлі додада әлемнің түкпір-түкпірінен келген балуандар өзара бақ сынасты.
Абай облысының спортшылары жарыста жоғары нәтижеге қол жеткізді. 55 келі салмақ дәрежесінде Мақсұтов Қуаныш тамаша өнер көрсетіп, күміс жүлдені жеңіп алды. Ал 82 келі салмақта сынға түскен Сұлтанбейбарыс Қайратұлы қарсыластарына лайықты қарсылық көрсетіп, үздік үштікке еніп, қола медаль иегері атанды.
Бұл жетістіктер – абайлық балуандардың табандылығы мен қажырлы еңбегінің нәтижесі. Спортшыларды жарысқа дайындаған жаттықтырушылар мен облыстық спорт басқармасының еңбегі де зор.
Қазақ күресінің мерейін асырып, Қажымұқан атамыздың рухына тағзым еткен бұл жарыс ұлттық спорттың беделін арттырып, жас балуандарға үлкен жігер сыйлады.