Қазақстан жаңалықтары

Облыс әкімі: Тазалық мәселесі әрдайым күнтәртібінде болады

Облыс әкімі: Тазалық мәселесі әрдайым күнтәртібінде болады

Облыс әкімі Берік Уәлидің төрағалығымен «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасының өңірде іске асырылуы бойынша отырыс өтті. Жиынға басқарма, департамент басшылары, ал аудан, қала әкімдері бейнережимде қатысты.

Бағдарлама шеңберінде атқарылып жатқан жұмыстар туралы Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Марат Теміржанов, облыстық Полиция департаменті әкімшілік полициясы басқармасының бастығы Бауыржан Омаров, «AMANAT» партиясының Абай облысы бойынша филиалының бақылау жөніндегі инспекторы Майра Мұрсахан және барлық қала-аудан әкімдері баяндады.

«Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы аясында өңірде жүйелі жұмыс атқарылып келеді. Облыста 44 іс-шарадан тұратын өңірлік жоспар бекітілген. Биылғы санитарлық-экологиялық екі айлыққа 227 мыңнан астам тұрғын, 10 275 ұйым және 4114 техника тартылды. Экологиялық бақылаудың тиімділігін арттыру мақсатында 380 құқық бұзушылықты тіркеу камерасы орнатылды. Бағдарламаны іске асыру аясында «Үлгілі ауыл» байқауының бірінші кезеңі өткізіліп, облыстың 10 ауданында жеңімпаздар анықталып, марапатталды.

Көгалдандыру және абаттандыру бағытында да тиісті жұмыс жүргізілуде. Семей қаласында алғаш рет 75 мың ағашты толық түгендеуді қамтитын дендрологиялық жоспар әзірленді. Биыл қалалар мен аудандарда 63 963 ағаш пен бұта отырғызылды.

«Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында облыс аумағында полиция қызметкерлері күн сайын аумақтарды абаттандыру ережелерінің сақталуын бақылауға бағытталған рейдтік іс-шаралар өткізуде. Жыл басынан бері құқық бұзушылықтың 8 959 дерегі анықталып, жалпы сомасы 74,2 млн теңге көлемінде айыппұл салынды. Сонымен қатар, 4897 азаматқа ескерту берілді. Бұдан бөлек заңсыз ағаш кесудің 10 дерегі тіркеліп, барлық кінәлі тұлғалар әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

«Ғарыш Сапары» ғарыштық мониторингі нәтижесінде облыс аумағында 191 рұқсат етілмеген қоқыс үйінділері анықталды. Оларды жою жұмыстары жүргізілуде.

Аймақ басшысы жиында «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясындағы жұмысты жалғастыруды, тазалық шараларына партиялық және қоғамдық бақылауды күшейтуді, тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізуді, рұқсат етілмеген қоқыс үйінділеріне бейнебақылау орнатуды, заңсыз қоқыс тастаушыларға әкімшілік шараларды күшейтуді тапсырды.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен елімізде «Таза Қазақстан» ауқымды республикалық экологиялық бағдарламасы жүзеге асырылуда. Бұл бір жолғы акция емес. Жүйелі, ұзақ мерзімді бағдарлама. Бұл мәселе әрдайым күнтәртібінде болады. Тазалық біздің күнделікті мәдениетімізге айналуы қажет. Сана тазармай, қала тазармайды. Өңірдегі коммерциялық нысандар да тазалыққа бей-жай қарамауы керек. Өйткені, тазалық баршамызға ортақ іс», – деді облыс әкімі.