Қазақстан жаңалықтары

Бесқарағай ауданының үш ауылында жаңа медициналық пункт ел игілігіне берілді

Бесқарағай ауданының үш ауылында жаңа медициналық пункт ел игілігіне берілді

Абай облысының Бесқарағай ауданындағы Қоянбай, Қара-Мырза және Долон ауылдарында жаңа медициналық пункттер ашылды.

Қоянбай – Ресей Федерациясымен шекаралас орналасқан елді мекен. Бүгінде мұнда 400, Қара-Мырза ауылында 306, Долон ауылында 354 адам тұрады.

«Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту бағдарламасы» аясында аудан бойынша барлығы 11 нысан салынды. Оның ішінде 4 дәрігерлік амбулатория, 1 фельдшерлік-акушерлік пункт және 6 медициналық пункт бар.

Жаңадан ашылған медициналық пункттер заманауи талаптарға сай жабдықталған. Мұнда физиотерапия және процедуралық кабинеттер, орта медицина қызметкерлеріне арналған бөлмелер мен дәріханалық пункт жұмыс істейді.

Нысандар заманауи медициналық жабдықтармен қамтылған: нейбулайзер, электрокардиограф, дефибриллятор, екі арналы сенсорлы магнитотерапия аппараты, спирометр, сондай-ақ жоғарғы тыныс алу жолдарын ультракүлгін сәулемен емдеуге арналған стационарлық құрылғы орнатылған.

Жаңа медициналық пункттердің ашылуы шалғай ауыл тұрғындарына сапалы және қолжетімді алғашқы медициналық көмек көрсетуге жол ашады. Бұл бастама ауыл медицинасының сапасын арттырып, тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға бағытталған.