Аягөз қаласында 90 орындық жаңа балабақша ашылды

Аягөз қаласында жаңа жекеменшік «Шұғыла-Б» балабақшасының ашылу салтанаты өтті.
Заманауи талаптарға сай жабдықталған балабақша 90 балаға арналған. Мұнда төрт топ жұмыс істейді: екеуі – ортаңғы, екеуі – ересектер тобы. Балалардың сапалы тәрбие мен білім алуына барлық жағдай жасалған. Сонымен қатар 29 жаңа жұмыс орны ашылып, өңірде қосымша еңбек мүмкіндігі туды.
Жаңа нысан Абай облысы білім басқармасының 2023-2029 жылдарға арналған жол картасының «Балабақша – жайлы мекенім» бағыты аясында жүзеге асырылды. Мекеме 1 жас 6 айдан 5 жасқа дейінгі балаларды қабылдайды.
«Шұғыла-Б» балабақшасында балалардың жан-жақты дамуына барлық мүмкіндік жасалған. Оқу процесінде Монтессори әдістемесі, ерте дамытудың инновациялық бағдарламалары және үш тілде білім беру элементтері қолданылады. Сабақтар баланың жас ерекшелігіне сай дамытушы ойындар арқылы жүргізіледі.
Мекеме заманауи құрал-жабдықтармен толық қамтылған: интерактивті панельдер мен сенсорлы үстелдер, қауіпсіз резеңке төсем төселген ашық ойын алаңы, жылы әрі жайлы интерьер – бәрі бүлдіршіндердің еркін дамуына бағытталған.
Аягөз аудандық білім бөлімінің басшысы Нұрғали Әзімбаев ұжымды жаңа балабақшаның ашылуымен құттықтап, сәттілік тіледі.
Айта кетейік, бұл – соңғы екі жылда ауданда ашылған жаңа балабақшалардың бірі. Қазіргі таңда Аягөз ауданында 418 бала балабақша кезегінде тұр.