Мемлекеттік қызметтер көрсету тәртібін бұзудың 16 000-нан астам фактісі анықталды

Мемлекеттік қызметтер халыққа күнделікті өмірді барынша жеңілдету және жеке кәсіпкерлік субъектілерінің қызметін қолдау мақсатында уақытылы әрі сапалы көрсетілуі тиіс.
Халыққа көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің сапасын бақылау тұрақты негізде Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігі және оның аумақтық департаменттері арқылы жүзеге асырылады.
Мемлекеттік қызметтер көрсету саласындағы цифрландыру деңгейінің дамуын ескере отырып, Абай облысы бойынша Агенттіктің департаменті көрсетілетін қызметтердің заңнама талаптарына сәйкестігін қамтамасыз ету үшін бақылау мен тиімділікті бағалаудың әртүрлі құралдарын белсенді пайдаланады. Бақылаудың негізгі әдістерінің бірі – қашықтан мониторинг, ол түрлі ақпараттық жүйелер арқылы жүргізіледі. Бұл құрал көрсетілетін қызметтерді беру рәсімдерінен ауытқулар мен бұзушылықтарды жедел анықтауға мүмкіндік береді және қызмет алушының қатысуынсыз жедел әрекет етуге, қателіктерді түзетуге ықпал етеді.
2025 жылдың өткен кезеңіндегі тексерулер мен қашықтан мониторингтің нәтижелері бойынша 16 000-нан астам бұзушылық анықталды, оның ішінде 15 660-ы (шамамен 96%) қашықтан мониторинг жүргізу барысында белгілі болды. Бұл бақылаудың автоматтандырылу деңгейінің жоғары екенін және оның тиімділігін көрсетеді.
Ең көп бұзушылықтар білім беру саласында тіркелді – 14 653 факт. Әсіресе, Семей және Аягөз қалаларындағы жағдай өткір күйде қалып отыр.
Бұдан бөлек, денсаулық сақтау саласында 668 бұзушылық анықталды, бұл да мемлекеттік қызметтердің сапасын түзетуді және жақсартуды қажет етті.
Бақылау іс-шараларының нәтижелері бойынша Департамент ұсыныстар мен ұсынымдар енгізді. Атап айтқанда, лауазымды тұлғаларға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 465-бабының 2-бөлігі бойынша 7 әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама жасалды. Сондай-ақ, мемлекеттік қызметшілер арасында жауапкершілікті арттыру мақсатында 14 қызметкер түрлі тәртіптік жауапкершілікке тартылды.
Департамент жұмысының маңызды нәтижелерінің бірі – 32 қызмет алушының құқықтарын қалпына келтіру болды. Қалпына келтірілген құқықтардың ішінде жер пайдалану құқығын рәсімдеу, атаулы әлеуметтік көмек тағайындау және төлеу сияқты маңызды шешімдер бар.
Аталған бағыттағы жұмыс Департамент тарапынан алдағы уақытта да қызмет алушылардың бұзылған құқықтарын, соның ішінде проактивті тәртіпте қалпына келтіруге баса назар аудара отырып, тұрақты негізде жалғастырылады.