Абай облысында әлеуметтік нысандарға жылу берілді

Бүгін облыс әкімі Берік Уәли Семей қаласындағы бірқатар нысандарды аралады. Әуелі шаһардың сол жағалауында орналасқан «ЖЭО-1» қазандығында жүргізілген жөндеу жұмыстарымен танысты.
Жылу орталығы қаладағы 389 көп қабатты тұрғын үйді, 51 әлеуметтік нысанды, 60 бюджеттік ұйым мен 632 коммерциялық кәсіпорынды жылумен қамтамасыз етеді. Жалпы абоненттер саны – 24 463.
Жылу орталығында 5 ірі қазандық жұмыс істейді. Оның төртеуі негізгі, біреуі қосымша қазандық ретінде пайдаланылады. Биыл мұндағы бірнеше қазандықтарда ауа қыздырғыштары, көмір жүретін құбырлар толық ауыстырылып, экранды құбырлар жаңартылды. «ЖЭО-1» бастығы Алмас Күзкеновтың айтуынша, су жүйесінде де ауқымды жұмыстар атқарылды. Бұған дейін Ертістен алынған су алдымен химиялық тазартудан өткізіліп, содан кейін күшейту үшін сорғылар арқылы жіберілетін. 1960 жылдардан бері жұмыс істеп тұрған сорғы қондырғылары биыл толық ауыстырылды. Көмір қоры да жеткілікті, қазіргі уақытта қоймада 74 мың тонна тұр.
Қазіргі таңда облыстың барлық қала және аудандарында жылу көздері іске қосылып, абоненттерді жылумен жабдықтауға кезең-кезеңімен қосу басталды. Әлеуметтік нысандарға бірінші кезекте жылу беріліп, барлық нысандарды толық қосу 5 қазанға дейін аяқталады.
Аймақ басшысы жылу орталығын аралап, көмір қоймасын көрді.
«Өңірде 29 маусымнан жылу беруді бастадық. Әлеуметтік нысандарға жылу берілді. Тұрғын үйлер өздері қажетіне қарай қосып жатыр. Биыл Үкіметтің қолдауымен облыстағы тозығы жеткен бірқатар жылу желілері қалпына келтіріліп, ауыстырылды. Бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі түрде, кезең-кезеңімен жалғасады» деді облыс әкімі.
Биыл Үкімет резерві мен облыстық бюджет есебінен Семей қаласындағы жылу электр орталығы мен Аягөз қаласындағы «Орталық» қазандығында, жылу желілерінде жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Жарма ауданы Шуақ ауылындағы қазандыққа жөндеу жүргізілді.