Жарма ауданы Суықбұлақ ауылында 100 орындық мектептің құрылысы қарқынды жүріп жатыр

1964 жылы балабақша ретінде салынған ескі ғимарат тозып, апатты деп танылған болатын. Оқушылар бірнеше жылдан бері қолайсыз жағдайда білім алып келеді. Бастауыш сынып оқушылары ескі ғимаратта, 5-11 сыныптың оқушылары көрші ауылға автобуспен қатынап жүр. Ауыл тұрғындары жаңа мектеп салу мәселесін 2011 жылдан бері көтеріп келген.
Биыл 19 наурызда облыс әкімі Берік Уәли Жарма ауданына барғанда мектепке арнайы келіп, жаңа білім ордасы бой көтеретінін айтқан болатын. Араға үш ай салып, 18 маусым күні мектептің іргетасы қаланды.
Бүгінде мектептің құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Құрылыстың толық аяқталуы 2026 жылдың сәуір айына жоспарланған.