Семей жаңалықтары

Абай облысында жылу маусымына дайындық барысы талқыланды

Абай облысында жылу маусымына дайындық барысы талқыланды

Бүгін облыс әкімі Берік Уәлидің төрағалығымен әкімдік отырысы өтті. Онда 2025-2026 жылдардағы жылыту маусымына әзірлік, жаңа оқу жылына дайындық жөніндегі тапсырмалардың орындалу барысы, бюджет қаражаты есебінен салынған нысандар мен жолдардың сапасы, әлеуметтік-экономикалық даму және бюджеттің атқарылуы және ұлттық ауыл шаруашылығы санағы мәселелері талқыланды. Жиынға облыстық басқарма басшылары, аудан және қала әкімдері, өңірлік департамент жетекшілері қатысты.

Бірінші мәселе бойынша Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Раджан Сейтқанов пен Семей қаласы әкімінің міндетін атқарушы Бекжан Бапышев баяндады.

Басқарма басшысының айтуынша, биыл облыстағы 3 қала мен 5 ауданда жалпы сомасы 11 млрд 800 млн теңгеге 23 жылу көзі мен 24 шақырым жылу желісінде жаңғырту және жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Қаржының негізгі бөлігі Үкімет резервінен, облыстық, республикалық бюджет және Ұлттық қордан бөлінді.

2025-2026 жылдардағы жылыту маусымына дайындық аясында Семей қаласындағы ЖЭО-1 мен 21 қазандықта жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. 13 жылу көзі мен 4,2 шақырым жылу желілері жөнделуде.

Жарма ауданындағы «Солнечная» қазандығында жаңа қазандықтар қойылып, Шуақ ауылындағы қазандықтарға жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Аягөз қаласындағы орталық қазандыққа жаңа қуатты қондырғылар орнатылуда. Қалада жалпы ұзындығы 5,2 шақырым жылу желісі жөнделуде. Курчатов қаласында 4 жылу көзін жаңғырту жоспарланған.

Әлеуметтік нысандар бойынша облыстағы 330 автономды қазандықты жөндеуге қаржы бөлінген. Оның ішінде білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау нысандары бар. Отырыста жылумен қамтамасыз ету бойынша Курчатов қаласы, Бородулиха, Жарма, Аягөз аудандарының әкімдері баяндады.

Жиын соңында облыс әкімі алдағы жылу маусымына дайындықты күшейтуге қатысты нақты тапсырмалар берді. Қала, аудан әкімдеріне өз аумақтарындағы барлық әлеуметтік және тұрғын үй нысандарын қатаң бақылауға алуды, бюджеттік ұйымдарға көмірді 15 қыркүйекке дейін толық жеткізуді, тұрғындарға қазан айының басына дейін отын қорын жасақтау қажеттігін түсіндіруді міндеттеді. Жылыту маусымы кезеңінде аудан, қала әкімдіктерінде тәулік бойы жұмыс істейтін Call-орталықтар ашу жүктелді.

«Синоптиктердің болжамы бойынша биыл шығыста қыс ерте түсіп, аяз қатты болады деген болжам бар. Осыған орай әрбір әкім өзінің аумағындағы бюджеттік және бюджеттік емес нысандардың жылыту маусымына дайындығын қатаң бақылауға алуы қажет. Өткен аптада Премьер-Министрдің кеңесшісі Ермек Маржықпаев келіп, жылыту маусымына дайындық барысын қадағалап кетті. Президент Әкімшілігі де бұл мәселені бақылауда ұстап отыр. Сондықтан жылу мәселесіне айрықша назар аударуымыз керек» деді аймақ басшысы.