Абай облысының әкімі Берік Уәли тамыз конференциясында баяндама жасады

Баяндамада облыс әкімі Президенттің білім сапасын арттыру және мектеп инфрақұрылымын жаңарту жөніндегі тапсырмалары бойынша өңірде атқарылып жатқан жұмыстар туралы айтты.
«Абай өңірі, Президент тапсырмаларын, салалық министрліктің алға қойған міндеттерін басты назарға ала отырып, мектептерді жүйелі жаңарту, ғылыми және спорттық инфрақұрылымды дамыту бағытында тұрақты жұмыс жүргізіп жатыр», – деді аймақ басшысы.
Биыл облыста мектепке дейінгі тәрбие саласында орын тапшылығы 5%-ға қысқарып, қосымша 1500-ден астам бала қамтылды. Семейде 73 балабақшада ваучерлік қаржыландыру енгізіліп, алдағы жылы бұл тәжірибе өңірдің барлық балабақшасына таратылады.
Орта білім саласында жеке инвестиция есебінен 1200 орындық IT-мектеп ашылды. «Келешек мектептері» жобасы аясында 1500 орындық екі жаңа мектеп пайдалануға берілді. Жыл соңына дейін тағы екеуі іске қосылады. Сонымен қатар, 300 орындық жаңа мектептің құрылысы басталды. «Абайға құрмет» акциясы аясында Астана қаласы 1500 орындық Дарын мектебі салуға ниеттеніп отыр.
Семей қаласында «Оқушылар сарайының», Абай ауданында балалар лагерінің құрылысы жүріп жатыр. 12 мектепте күрделі жөндеу, 9 мектепте реновация, 52 мектепте жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Барлық мектеп заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталады.
Цифрландыру аясында облыстың 135 мектебі Starlink жүйесіне қосылды. 90 мектепте автоматтандырылған кешен енгізіліп жатыр. Қауіпсіздік мәселесінде барлық білім ұйымдары бейнебақылаумен жабдықталып, 96%-дан астамы қауіпсіз жол инфрақұрылымымен қамтамасыз етілді.
Ұстаздарды қолдау шаралары да жүйелі жалғасуда. «Үздік педагог» атағы иегерлерінің саны артып келеді. «Білім беру өзгерістерінің 1000 көшбасшысы» жобасы аясында жаңа буын – басшы кадрлар даярлануда.
Техникалық және кәсіптік білім беру саласында IT және жаңа технологиялар жоғары колледжі ашылды. WorldSkills чемпионатында Абай облысы екі жыл қатарынан үздік нәтижеге қол жеткізді.
Баяндама соңында аймақ басшысы ұстаздар қауымына жаңа оқу жылында сәттілік тілеп, білім беру жүйесінің басты мақсаты – жас ұрпаққа сапалы білім мен тәрбие беру екенін атап өтті.