Мәдениет

Семейде Совет Қазыбаев пен Нина Болеповаға арналған мемориалдық тақта ашылды

Семейде Совет Қазыбаев пен Нина Болеповаға арналған мемориалдық тақта ашылды

Семей қаласында қоғам және ғылым қайраткерлері – Совет Кәкімұлы Қазыбаев пен Нина Ахановна Болеповаға арналған мемориалдық тақтаның ашылу салтанаты өтті. Шара марқұмдар тұрған үй – Мәңгілік ел көшесі, 10 мекенжайында ұйымдастырылды.

Салтанатты жиынға қала тұрғындары, әріптестері, ардагерлер кеңесінің мүшелері мен қоғам белсенділері қатысты. Жиналған қауым қос тұлғаның ел дамуына қосқан өлшеусіз еңбегін еске алып, тағзым етті.

Совет Кәкімұлы Қазыбаев – ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты, Семей зооветеринарлық институтының ғылым жөніндегі проректоры, қалалық Кеңестің депутаты болған. Ол жем-шөп өндірісі, мал азығын тиімді пайдалану бағытында маңызды ғылыми еңбектер жазып, ұстаздық және ұйымдастырушылық қызметімен дараланған.

Нина Ахановна Болепова – Қазақстандағы облыстық комсомол комитетінің бірінші хатшысы болып сайланған тұңғыш әйел. Ол партиялық-әкімшілік салада ұзақ жыл қызмет атқарып, Жаңа-Семей аудандық халық депутаттары кеңесінің төрайымы, Семей облыстық партия комитетінің қызметкері болды. Ерен еңбегі үшін мемлекеттік қызмет зейнеткері мәртебесі берілген.

Шара барысында Семей қаласы әкімінің міндетін атқарушы Қуаныш Әбілдаев, ардагерлер кеңесінің мүшелері Мұрат Алин, Нина Рыбаловлева, Мейрамхат Айнабеков, Айбек Кәрімов және мемлекеттік қызмет ардагері Владимир Бабичев естелік сөз сөйледі.

Салтанат соңында мемориалдық тақта салтанатты түрде ашылып, гүл шоқтары қойылды.