Трамп Ресейдің сауда серіктестеріне 500 пайыз көлемінде баж салмақ: Сауда министрлігі не дейді?

Ресейдің сауда серіктестеріне АҚШ тарапынан 500 пайыз көлемінде баж салығы енгізілуі мүмкін деген ақпарат тарады. Қазақстанның Сауда және интеграция министрлігі осы ақпаратқа пікір білдірді, – деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Жуырда америкалық сенатор Линдси Грэм сұхбаттарының бірінде АҚШ “Украинаға көмектеспейтін” Ресейдің сауда серіктестеріне 500 пайыз көлемінде баж салығын енгізуді жоспарлап отырғанын айтты.
Министрліктің Tengrinews.kz сауалына берген жауабына сүйенсек, тиісті ведомство шет мемлекеттердің ресми тұлғаларының мәлімдемелерін, соның ішінде Қазақстанның сауда-экономикалық мүддесіне әсер етуі мүмкін экономикалық шаралар бойынша мәлімдемелерін үнемі қадағалап отырады.
“АҚШ үкіметі тарапынан Қазақстанға қатысты мұндай шешім дайындалып жатқаны туралы ресми ақпарат түскен жоқ. АҚШ-тың кеден-тариф саясатының мәселелері Қазақстанның уәкілетті органдарының ерекше бақылауында. Қазақстан Дүниежүзілік сауда ұйымының мүшесі ретінде көпжақты келісімдерде көзделген құралдарды, соның ішінде дауларды реттеу жөніндегі тетіктерді пайдалануға құқылы. Барлық ықтимал шара еліміздің халықаралық міндеттемелері мен сауда-экономикалық мүдделерін ескере отырып пысықталады”, – деді министрлік өкілі.
Еске салайық, бұған дейін АҚШ президенті Дональд Трамп Қазақстанның барлық тауарына 25 пайыз баж салығы cалынатынын жариялады.
Трамп 10-нан аса елге осындай хаттар жіберді. Соның ішінде Жапония, Оңтүстік Корея, Малайзия және Туниске 1 тамыздан бастап 25 пайыз көлемінде баж салығы қолданыла бастайды. Оңтүстік Африка, сондай-ақ, Босния мен Герцеговина үшін баж 30 пайыз, Сербия мен Бангладеш үшін 35 пайыз, Индонезия үшін 32 пайыз, Лаос пен Мьянма үшін 40 пайыз деңгейінде белгіленеді.
Кейінірек министрлік мәлімдеме жасады.