Тоқаев: Қазақстан сыртқы дағдарыстарға төтеп бере алды

Мемлекет басшысы Шетелдік инвесторлар кеңесінің 37-ші пленарлық отырысын өткізді, – деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Ақордаға сілтеме жасап.
“Аталған форум жиырма жылдан астам уақыт бойы Қазақстанда инвестицияға бағдарланған экожүйе қалыптастыруда маңызды рөл атқарып келеді. Біз Кеңестің белсенді қатысуымен елімізде инвестициялық ахуалды жақсартуға, ашықтықты арттыруға және кәсіпкерлік жүргізу шарттарын жеңілдетуге бағытталған кешенді реформаларды одан әрі жалғастыруға ниеттіміз”, – деді Мемлекет басшысы.
Президенттің айтуынша, сарапшылар таяу жылдары жаһандық ІЖӨ өсімі шамамен 2,9 пайызға дейін баяулайтынын болжап отыр.
“Бүгінде инфляциялық қысымның күшейгені, жаһандық жеткізу тізбегіндегі кедергілердің және іскерлік ортадағы бағдарсыздықтың артқаны байқалады. Мұндай үрдістер әлем экономикасының перспективасын нашарлата түсуі ықтимал. Бұл халықаралық сындарлы диалогтың қажет екенін көрсетеді. Қазақстан секілді елдердің экономикасы осындай сын-қатерлер кезінде сыртқы дағдарыстарға төтеп бере алды. Биылғы бес айда Қазақстан экономикасы 6 пайызға өсті. Оған көлік және логистика, құрылыс, сауда, тау-кен өнеркәсібі және өңдеу салалары көп үлес қосты”, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, Қазақстанның стратегиялық тұрғыдан орналасуы, адами капиталы және реформаларды жан-жақты жүргізуі инвесторларға да, ұлттық экономикаға да мол мүмкіндік береді.
Президент инвесторлардың мәселесін “осы жерде және дәл қазір” қағидаты бойынша жедел шешуге бағытталған Инвестициялық штаб қызметіне тоқталды. Аталған штаб 70 миллиард долларды құрайтын 137 инвестициялық жобаға қолдау көрсетті. Сондай-ақ заңнамаға инвесторлардың проблемасын жүйелі түрде шешуді көздейтін 140 түзету енгізуге бастамашы болды.
Қазақстанда инвесторлар құқығын қорғауға арналған арнайы «прокурорлық сүзгі» механизмі енгізілді.
Биылдан бастап мемлекеттік органдар Бас прокуратураның алдын ала келісімінсіз инвесторларға қатысты тексеру жүргізуге, әкімшілік іс қозғауға, талап арыз беруге немесе қандай да бір шектеу қоюға құқылы емес.
“Біз Ұлттық цифрлық инвестициялық платформаны іске қостық. Ол инвестицияларға қатысты мемлекеттік қызметтерді «бір терезе» қағидаты бойынша біріктіріп, кеңес беруден бастап рұқсат алуға дейінгі барлық үдерісті қамтиды. Бұдан бөлек, іскерлік белсенділікті ынталандыру және экономикаға жеке инвестиция тарту үшін жаңа Салық кодексі Сенат қарауына енгізілді. Құжат жергілікті өндірісті дамытатын инвесторларға мақсатты жеңілдіктер беруді және қосылған құны жоғары өнім экспорттаушыларды қолдауды қарастырады”, – деді Президент.
Мемлекет басшысы инвесторлармен ықпалдастықтың перспективалы бағыттарына, атап айтқанда, Қазақстанның индустриялық әлеуетін дамыту мәселесіне тоқталды.
“Тау-кен саласы – еліміздің өңдеу өнеркәсібінің негізгі тірегі болып қала береді. Қазақстан тау-кен өнеркәсібі мен металлургияның жаһандық маңызын түсіне отырып, инвесторларға ашық, жан-жақты заңнама арқылы тұрақты әрі қолайлы юрисдикция қалыптастырды. Жүргізіліп жатқан реформалардың нәтижесінде еліміздегі геологиялық барлау жұмыстарына әлемдік ірі ойыншылар – Rio Tinto, Fortescue, Ivanhoe, First Quantum және Tech Resources компаниялары келді. Жаңа Салық кодексінде шикізатты ел ішінде терең өңдеуді ынталандыратын роялти тәртібі қарастырылады. Еліміздің бай минералды-шикізаттық базасы, жер қойнауын пайдаланудағы заманауи заңнамасы мен ашық салық жүйесі жаһандық тізбектегі маңызды минералдарды жеткізу бойынша стратегиялық орнымызды қамтамасыз ететініне сенімдіміз”, – деді Президент.