Тоқаев Қытаймен гуманитарлық ынтымақтастық туралы айтты

Мемлекет басшысы Орталық Азия мен Қытай халықтарының арасындағы мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықтың жоғары қарқынына тоқталды, – деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Ақордаға сілтеме жасап.
“Сиань қаласынан Алматы шаһарына қатынайтын алғашқы туристік пойыздың іске қосылуын құптаймыз. “Қазақстандағы Қытай туризмі жылына” орайластырылған бұл оқиға ғасырлар бойы Еуразия аумағында тауарлар мен идеялардың толассыз алмасуына дәнекер болған Ұлы Жібек жолының рухын жаңғыртады”, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы мен Шанхай қалалары, сондай-ақ Қазақстан мен Қытайдың бірқатар өңірлері арасында бауырластық қарым-қатынас орнағанын қуаттады.
Мемлекет басшысы Қытай тарапының Орталық Азиямен ынтымақтастыққа арналған атаулы жылдар ұйымдастыру бастамасына қолдау білдіріп, келесі жылды “Білім беру және ғылыми зерттеулер жылы” деп жариялауды ұсынды. Бұл қадам елдеріміздің гуманитарлық ықпалдастығын жандандырады.