
Қазақстан астанасы Қытай Халық Республикасының төрағасы Си Цзиньпиннің ресми сапарына дайындалып жатыр, – деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
16-17 маусым күндері Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыруымен Қазақстанға Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпин келеді.
Құрметті қонақтың сапарына орай Астананың басты көшелеріне екі елдің тулары ілінген.
Елордада күшейтілген қауіпсіздік шаралары енгізіліп, кейбір көшелер жабылды.
Жүргізушілер мен жаяу жүргіншілерге жол қозғалысындағы өзгерістерді ескере отырып, бағыттарын алдын ала жоспарлауға кеңес беріледі. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету және қолайсыздықтарды азайту мақсатында жолдарға уақытша белгілер мен көрсеткіштер орнатылады.