Абай облысының екі мұғалімі «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды

Өңірдің білім саласында ұзақ жылдар бойы абыройлы қызмет етіп, жас ұрпаққа сапалы білім мен өнегелі тәрбие беріп жүрген ұстаздардың еңбегі лайықты бағаланып, мұғалімдердің кәсіби мерекесі қарсаңында жоғары марапаттарға ие болды.
Семей қаласындағы Геологиялық барлау колледжінің ағылшын тілі пәнінің оқытушысы Айгүл Төлеутайқызы Омарбекова кеше еліміздің үздік мұғалімдерімен бірге Мемлекет басшысының қолынан «Ерен еңбегі үшін» медалін алды.
Ол педагогикалық еңбек жолын 1984 жылы Семей қаласындағы №2 орта мектепте шет тілі мұғалімі болып бастаған. 2002 жылдан бері Абай облыстық білім басқармасының Геологиялық барлау колледжінде ағылшын тілі пәнінің оқытушысы қызметін атқарып келеді. Айгүл Төлеутайқызы – «Геологтарға арналған кәсіби тіл» авторлық бағдарламасының әзірлеушісі. Сондай-ақ, колледжде көптілді білім беруді енгізу ісіне зор үлес қосты.
Арнайы пәндер бойынша ағылшын тілін тереңдетіп оқытуға арналған эксперименттік оқу жоспарларын құрастырып, тәжірибелік алаң ұйымдастырды. Кәсіби білімі мен әдістемелік тәжірибесін әріптестерімен бөлісіп, жас мамандардың қалыптасуына ықпал етіп жүрген тәжірибелі ұстаз. Ал Семей қаласындағы М.Төлебаев атындағы музыка училищесінің оқытушысы Гүлжанат Кәрімова Президент Жарлығымен «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды. Оған жоғары марапатты Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова тапсырды. Ол 1986 жылдан педагогикалық қызмет атқарып келеді. Құрманғазы атындағы Қазақ Мемлекеттік консерваториясының түлегі. Қазіргі таңда музыка училищесінде «домбыра тенор» сыныбы бойынша сабақ береді
. «Домбыраға арналған оқу құралы» атты еңбектің авторы. Онда ұлттық аспапты үйретудің әдістемелік және теориялық негіздері жинақталған. Ұзақ жылғы еңбегі үшін ҚР «Мәдениет саласының үздігі», Ы.Алтынсарин төсбелгілерімен марапатталған. Шәкірттері республикалық және халықаралық байқауларда жүлделі орындарға ие болып жүр.